22 қазан күні Yessenov University-де қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің шығармашылық мұрасына арналған «Исабеков әлемі: Сүйіспеншілік пен жауапкершілік жүгі» атты TEDx форматындағы тағылымдық-танымдық кеш өтті.
Кеш барысында университет студенттері қаламгердің «Әпке» драмасы мен «Гауһар тас» повесін бүгінгі заман тұрғысынан талдап, шығармаларда көтерілген мәселелерге психологиялық және әлеуметтік қырынан баға берді.
Жастар отбасы құндылықтары, бауырмалдық, сүйіспеншілік, әйел тағдыры, адам арасындағы қарым-қатынас пен жауапкершілік тақырыптарын қозғап, әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ой бөлісті.
Студенттер классикалық туындылардың терең мағынасын бүгінгі өмірмен байланыстырып, өзіндік көзқарастарын ұсынды. Оқытушылар мен қонақтар жастардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы мен аналитикалық ойлау қабілетін жоғары бағалады.
