23 қазан күні Yessenov University-де Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына, Республика күніне және университеттің 50 жылдық мерейтойына арналған «Цифрлық дәуірдегі конституционализм: адам құқықтары, технологиялық сын-қатерлер және жаңа кепілдіктер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Құқық және халықаралық қатынастар факультетінің Құқықтану кафедрасы ұйымдастырған ғылыми жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның ғылыми қауымдастық өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, судьялар мен құқықтанушы-ғалымдар қатысты. Тәуелсіздік холлында өткен пленарлық отырысты Yessenov University ректорының м.а. Ермек Талантұлы Нұрмағанбет ашып, модераторлық етті.
Пленарлық мәжілісте ҚР Конституциялық Сотының судьясы Айжан Жатқанбаева, Маңғыстау облыстық сотының сот алқасының төрағасы Гулажар Бакытжанова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов және Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ильяс Жумагулов баяндама жасады. Халықаралық сарапшылар қатарында Рауф Гасанов (Баку мемлекеттік университеті), Аманлық Гулимов (Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті) және Кымбат Жекшен кызы (Қырғыз ұлттық университеті) өз ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.
Конференция жұмысы төрт ғылыми секцияда жалғасып, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен құқық қорғау саласында қолдану, дербес деректер қауіпсіздігі, цифрлық банкинг, электрондық коммерция, цифрлық нотариат және экологиялық құқықтар мәселелері талқыланды.
