Ақтау қаласында өңірдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге және жасанды интеллект технологияларын экономика салаларына енгізуге арналған «AI Digital Mangystau – 2026» халықаралық форумы өтті.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен ауқымды жиында Yessenov University өкілдері, IT-мамандар мен стартап әзірлеушілер бас қосты. Көрме аясында робот-гуманоид, заманауи робототехника және Alert X (Yessenov University, Intel X), Target AI, Qamal HR, Shern 3D секілді инновациялық жобалар таныстырылды.
Yessenov University Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің деканы Лаула Жумабаеваның модераторлығымен «Жасанды интеллект: Маңғыстау облысының цифрлық болашағы» атты сараптамалық алаң өтті. Сонымен қатар цифрлық дамуға үлес қосқан азаматтар ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен облыс әкімінің атынан марапатталды.
Форум аясында Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің 3-курс студенттері Нұрдәулет Туебаев, Дәулет Тасубаев, Нұрхан Аманжол және Нұрай Төлегеннен құралған команда Grand Mobile кейсі бойынша №3 тректе «Support Copilot» жобасымен жеңімпаз атанып, 500 000 теңге сыйақы иеленді!
