Yessenov University базасында «Каспий теңізінің экологиялық және климаттық сын-қатерлері» тақырыбында Climate Talks халықаралық конференциясы өтті.
Халықаралық конференция Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшілігі, Қазақстан-Неміс университеті (DKU), Қазақстан-Неміс тұрақты инженерия институты (KINI) және Yessenov University бірлесуімен ұйымдастырылды. Жоба ГФР Сыртқы істер министрлігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда.
Іс-шараға Yessenov University президентінің м.а. Ермек Нұрмағанбет, Германия Елшілігі дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Ульрих Кинне, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның ғылыми қауымдастығы, дипломатиялық өкілдіктер, мемлекеттік органдар және экологиялық ұйым өкілдері қатысты.
Конференция барысында Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі, жағалау экожүйелерінің трансформациясы, биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық мониторинг жүйелерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар геокеңістіктік талдау, спутниктік мониторинг, климаттық модельдеу және экологиялық көрсеткіштерді жүйелеу әдістерін қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл тәсілдер ғылыми деректерге негізделген тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады.
