20 қазан күні Yessenov University-де Республика күніне орай «Республика күні: өткенге тағзым, болашаққа бағдар» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Алқалы жиынға Түркияның Хаджеттепе университеті (Анкара), Мемлекет тарихы институтының Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімі (Астана), Маңғыстау облысының Полиция департаменті және Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының өкілдері, сондай-ақ университет оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында Республика күнінің тарихи маңызы, ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сананы қалыптастыру, қоғамдық дипломатияны дамыту, құқықтық мәдениет пен заманауи қоғамдық этика мәселелері кеңінен талқыланды.
Халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен өткен пікіралмасу студенттер мен жас зерттеушілерге өзекті қоғамдық мәселелерге жан-жақты көзқарас тұрғысынан қарауға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді.
