Yessenov University өкілдері Берлинде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кездесуге қатысты

📅 03.10.2026

Yessenov University өкілдері Германияның Берлин қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан мен Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары басшыларының кездесуіне қатысты.

Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық байланыстарды кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және технологиялар трансферін жандандыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық академиялық және ғылыми кеңістікпен ықпалдастырудың маңызын атап өтіп, университеттер арасындағы серіктестікті нақты ғылыми және технологиялық нәтижелерге бағыттау қажеттігіне тоқталды.

Сапар аясындағы маңызды нәтижелердің бірі – Yessenov University, Қазақстан-Неміс университеті (DKU) және Миттвайда қолданбалы ғылымдар университеті (Hochschule Mittweida) арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Бұл келісім білім беру және ғылым саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады:

  • Білім беру бағдарламаларын бірлесіп дамыту;
  • Академиялық ұтқырлықты кеңейту;
  • Ғылыми зерттеулер мен қолданбалы жобаларды жүзеге асыру;
  • Оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу.

Германиямен әріптестіктің Yessenov University үшін маңызы ерекше. Университет базасында Қазақстан-Неміс тұрақты инженерия институты (KINI) жұмыс істеп, халықаралық тәжірибеге негізделген инженерлік кадрлар даярлауға және ғылыми байланыстарды дамытуға үлес қосып келеді.🇩🇪🇰🇿

KEEP READING...

You may also like