Yessenov University-де Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті. Кездесуге ҚР Құрылтайының депутаты Аббат Өрісбаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Қыдырбайұлы Жүсіпов, университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Талқылау барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен ғылымның келешегі, жастар саясаты, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасының маңызы сөз болды.
Қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, цифрлық технологияларды білім алуға және кәсіби дағдыларды жетілдіруге тиімді пайдалану жолдарын талқылады. Сонымен қатар құқықтық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, нашақорлық, лудомания мен интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше екенін атап өтіп, студенттерді сапалы біліммен қатар қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел дамуына нақты үлес қосуға шақырды.
