Yessenov University Қытайдың Huadian Overseas Investment Corporation компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
25 қараша күні Yessenov University-де Қытайдың Huadian Overseas Investment Corporation энергетикалық компаниясының делегациясымен және «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС өкілдерімен ресми кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – энергетика, білім беру және білікті инженерлік-техникалық кадрлар даярлау бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Шетелдік делегацияны университет оркестрі қарсы алды. Сапар барысында қонақтар университет тарихымен танысып, музей мен Қазақстан-Германия инженерлік институтын аралады. Сондай-ақ оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетіне назар аударды.
Кездесудің маңызды бөлігі – ынтымақтастық туралы меморандумға және қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысына қызмет көрсететін өндірістік персоналды оқыту жөніндегі келісімшартқа қол қою рәсімі болды.
Ынтымақтастық аясында энергетика саласына қажетті білікті мамандар даярлау, өндірістік персоналдың біліктілігін арттыру, тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамыту және заманауи энергетикалық технологияларды оқу үдерісіне енгізу көзделген. Сонымен қатар университет пен өндірістік кәсіпорындар арасындағы өзара байланысты кеңейтуге басымдық беріледі.
Тараптар ғылым, білім және өндіріс интеграциясы, сондай-ақ энергетика саласының халықаралық талаптарына сай инженерлік кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды.
👥 Қатысушылар
Yessenov University президент-ректорының міндетін атқарушы Ермек Талантұлы Нұрмағанбет, Huadian Overseas Investment Corporation бас директорының орынбасары Люй Юихуэй, «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС бас директоры Гэ Личунь, университет басшылығының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер.







